Осыған дейін біз Өскемендегі 25-ші ықшамаудан тұрғындары 30 жыл бойы өркениеттен құр алақан қалып келе жатқандығы туралы жазған болатынбыз. Олар үшін электр қуаты, сумен жабдықтау, ұялы байланыс және интернет әлі күнге дейін қолжетімді емес.
Қазір сең қозғалып, мәселе шешіле бастады. 13 қарашадан бастап ықшамауданға интернет тартылып жатыр.
«Интернет «Fast line» компаниясының талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қосылуда. Желілер бұрын орнатылған бағаналарға ілінді. Әуелде оны электр желілері бойымен жүргізу жоспарланған болатын. Бірақ шағын ауданға электр қуаты әлі тартылмағандықтан, қалалық ТҮКШ бөлімімен келісіп, көшедегі жарық бағаналары, одан кейін жеке үйлердің өз бағаналары бойымен желілерді жүргізуге рұқсат алдық», - дейді ШҚО Цифрландыру басқармасы талдау бөлімінің басшысы Индира Баймолдаева.
Бұл аудан тұрғындары көптен күткен оқиға. Қалыпты байланыс болмағандықтан, олар жедел жәрдем де шақыра алмай, әбден әуре-сарсаңға түсетін. Мектеп оқушылары онлайн сабақтардан қалыс қалып, үй тапсырмасын да дұрыс орындай алмайтын. Себебі интернетсіз қосымша ақпарат алу мүмкін емес.
«Бізге интернет тартылғанына екі күн болды. Жылдамдығы өте жақсы – 300 мегабит. Енді ұялы байланыс ұстайтын жерді іздеудің қажеті жоқ. Қаншама жылдан кейін интернетке қосылғанымызға сене алар емеспін. Енді жарық пен суды күтіп отырмыз», – дейді жергілікті тұрғын Мерей Серікбекұлы.
Еске салсақ, осыған дейін Риддерде табиғаттың тосын мінезінен кейін халық бірнеше күн бойы сусыз қалғаны хабарланған.