300 мыңнан астам көмекке мұқтаж бала анықталды - Динара Зәкиева

АСТАНА. KAZINFORM — Бес жылда елімізде 1000-нан астам мектеп салынды. Бұл туралы Құрылтайда «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырылуын талқылауға арналған Үкімет сағатында Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева мәлім етті.

Фото: t.me/kisi_kz

- Қазіргі кезде Қазақстанда 7 миллионға жуық бала тұрады. Бұл – ел халқының үштен бірі. Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударып келеді. Президенттің тапсырмасымен балалардың құқықтарын қорғау саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Біріншіден, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды, «Келешек» жүйесі енгізілді. Екіншіден, бес жылда елімізде 1000-нан астам мектеп салынып, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жузеге асырылып жатыр. Сонымен қатар 54 оңалту орталығы ашылды. Үшіншіден, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға қатысты 11 заң қабылданды және тиісті жүе мен инфрақұрылым құрылды, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар ашылды. Төртіншіден, балалар мен отбасылардың қиын жағдайға тап болғанын ерте анықтау және дер кезінде көмек көрсету үшін цифрлық құралдар енгізілді, - деді Д. Зәкиева.

Сонымен қатар ол мобильдік топтар мен 160 отбасын қолдау орталықтарының жұмысына FSM Social жүйесі енгізілгенін, 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы ашылғанын еске салды. Бұл балаларға өз құқықтарын қорғау қызметтеріне тікелей жүгінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мектептерде «Балажан» платформасы іске қосылды. Бұл платформа арқылы психологиялық қызметтер қауіптерді анықтап, көмек көрсетеді. Ал уәкілетті органдар бұл бағытта бақылау жүргізеді.

- Осы механизмдердің барлығы 3 жылдың ішінде 300 мыңнан астам қиын жағдайдағы немесе көмекке мұқтаж балаларды уақытылы анықтап, көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Әр санның артында баланың тағдыры жатыр. Бесіншіден, мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілді. Ең бастысы, балалардың бойына құндылықтарды сіңіру үшін «Адал азамат» бағдарламасы қабылданды, - деді Құрылтай төрағасының орынбасары.

Бұған дейін «Ұлттық қор – балаларға бағдарламасы аясында биыл 902 млн АҚШ доллары аударылғанын жазған едік.