320 нысанға әуеден соққы жасалды: Израиль Сирияға шабуылды күшейтті

Фото: Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Башар Асад режимі құлағаннан кейін Израиль күштері Сирияға шабуылын күшейтті. Көзделген нысаналар арасында Сирияның әуе қорғаныс жүйелері, зымыран қоймалары, әскери ұшақтар мен тікұшақтар және әскери кемелер бар. Бұл туралы Анадолы хабарлады.

Израиль армиясы «Баас» партиясы режимі құлап, оның жетекшісі Башар Асад биліктен қуылғаннан бері Сириядағы 320 нысанға әуеден соққы жасағанын хабарлады.

Мәлімдемеде әуе шабуылдары «стратегиялық нысандарға» бағытталғаны айтылған.

Сирияның әуе қорғаныс жүйелері, зымыран қоймалары, әскери ұшақтар мен тікұшақтар және әскери кемелер шабуылға ұшырады.

Мәлімдемеде Израиль Сирияның «Баас» режимінен қалған әскери күшінің «70 пайыздан астамын» жойғаны айтылған.

Айта кетейік, бұған дейін Израиль армиясы Сириядағы 250 нысанға әуеден соққы бергенін жазған едік.

БҰҰ Сириядағы 16 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж екенін мәлімдеді.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Мэттью Миллер Сирияның ішіндегі түрлі ұйымдармен тікелей және жанама түрде келіссөздер жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді.