349 мыңнан астам қазақстандық проактивті мемлекеттік қызметтер туралы SMS хабарлама алды

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізудің нәтижесінде әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті форматта алу үшін 349,7 мың азаматқа SMS-хабарлама жіберілді. Оның ішінде 200 мыңнан астам адам өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін пайдаланып үлгерді.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, ОЦК мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Қазіргі уақытта онда 20,2 млн азамат немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Жаңа жүйенің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. ҚР Әлеуметтік кодексінде ОЦК әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындайтын құрал ретінде белгіленген.

- ОЦК арқылы азаматтар өтініш бермей-ақ жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түрін ресімдей алады. Олар: еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда, жұмыссыз қалған жағдайда, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер; бала туғанда және бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты жәрдемақылар; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына жәрдемақы; мүгедектік бойынша, көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған аналарға берілетін жәрдемақылар; атаулы әлеуметтік көмек және жерлеуге арналған төлем, - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдері, «қандас» мәртебесінің ұзартылуы мен аяқталу мерзімі, жұмыссыздарға жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар да іске қосылған.

Мемлекеттік қолдауға құқық белгіленген жағдайда әлеуетті алушыларға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жолданады. Азамат оған келісімі туралы жауап бергеннен кейін өтініш автоматты түрде ресімделіп, жәрдемақы немесе төлем тағайындалады, қаражат банк шотына аударылады.

Алаяқтық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында тек 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келетін SMS-ке жауап беру қажеттігі ескертіледі. Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөмірі арқылы Call-орталыққа хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.

Айта кетейік, телефонға жолданған SMS әскерге шақыру туралы ресми хабарлама ретінде танылады.