35 жыл ішінде 2000-ға тарта домбыра жасаған шебер: Мақсатым — табыс табу емес, ұлттық өнерді насихаттау

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының тумасы Қайрат Ибраев түрлі көрмелерге домбырасын апарып, ұлттық аспапты насихаттап жүр. Шебер 35 жыл ішінде 2000-ға тарта домбыра жасаған. Қазақстанда ғана өсетін ағашты пайдаланатын ол Kazinform агенттігінің тілшісіне сұхбат беріп, домбыра жасаудың қыр-сырымен бөлісті.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы\Kazinform

— Домбыра жасауды қашан қолға алдыңыз? 

— Бұл істі бастағанда табыс табудан гөрі ең алдымен, ұлттық өнерді насихаттап, маңызын қазіргі жастарға жеткізуді мақсат еттім. Ел аумағында өсетін ағаштарды пайдалану арқылы домбыра сыңғырын сақтағым келеді. Оның иісі де бөлек. Өзім 1982 жылы алғаш рет домбыра жасап көрдім. Ал жалпы осы іспен айналысқаныма 35 жылдай уақыт болды. Тапсырыс жиі түседі. Домбыра үйрету мектеп пәніне кіретіндіктен оқушыларға көп жасаймын.

— Жеке шеберханаңыз бар шығар?

— Иә. Марқакөл ауданында өмірге келсем де, қазір Өскеменде тұрамын. Осы уақытқа дейін жасалған бұйымдар қаладағы жеке шеберханамнан шыққан. Ағаш таңдағанда қолданысқа дайын дегендерін іріктеп аламын. Жас өскін болса, оны кептіруге біршама уақыт кетеді.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы\Kazinform

— Сонда домбыра жасауға санаулы ағаш қолданыла ма?

— Солай деуге болады. Қарағай бар, қайың бар, олардың бірнеше түрі өседі. Шетелден де ағаштар әкелінеді, бірақ оларды қолданбаймын. Негізі барлық түрі жарамды, тек 100 пайыз кепкен болуы керек. Кейде шебердің өзіне де байланысты. Себебі ара-тұра таңдаған ағаштан дауыс көмескі, бұлыңғыр шығады. Домбыраның дизайнын да, сұлбасын да келтіріп, бастан аяғына дейін өзім дайындаймын.

— Бір домбыра жасауға шамамен қанша уақыт жұмсайсыз?

— Қымбатқа бағаланған домбыраға ұзақ уақыт кетеді. Бір ай, кейде жарты жылға созылады. Оны көбінесе үлкен сахналарда жүрген талғамы жоғары өнер адамдары жасатады. Тапсырыс беруші әшекейлеп беріңізші десе, ол да өз алдына жұмыс. Сұраныс облыс, республикадан емес, шет мемлекеттерден де түседі. Әсіресе Қытайдағы қазақтар көп қоңырау шалады.

— Бағасы қанша?

— Әртүрлі. Ең арзаны — 50 мың теңге, ең қымбаты — 300 мың теңге. Балалар мен оқушылар домбырасы арзанырақ. Аз-маз күй шертетінім де бар. Алайда нақышына келтіретін музыкант емеспіз, біздікі әуестік. Ұлдарым Досхан мен Мәди де ұлттық аспап жасауда әкесіне қолғабыс етіп тұрады. Жалпы, бұл қабілет ата-бабамнан дарыған десем болады.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы\Kazinform

— Естуімізше, үлкен сахнада жүрген өнер адамдары да сізге тапсырыс берген екен.

— Иә, кәсіби музыканттардан қоңыраулар түсіп жатады. Одан бөлек, ерекше дарын иесі Рамазан Стамғазиевті айта кеткен орынды. Екеуіміз құрдаспыз. Ол көбінесе қалақ домбырада ойнамайды, маған ыңғайлысын жасауға тапсырыс берді. Әйтеуір, аспабымыз ойдағыдай шықты. Шамамен 2007 жылдар еді бұл. Одан кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің өнерпаздары домбырамды үлкен сахналарға алып шығып жүр.

— Осы уақытқа дейін шамамен қанша домбыра жасадыңыз?

— Қазір орташа алғанда айына 10-15 домбыра жасаймын. Отбасыма рахмет, жауапты жұмыс кезінде қолдауын аямайды. Сондай демеудің арқасы болар, 35 жылдай уақыттың ішінде 2000-ға тарта домбыра жасаппын. Қайтып келіп, «мынауыңыздың үні шықпайды» дегені жоқ. Бұл да мен үшін маңызды. Елдің батасын да алдық, шетелге де шықтық.

— Елімізде ұлттық аспаптар таныстырылатын іс-шаралар жиі өте ме, барып тұрасыз ба?

— Домбыраға арналған фестивальдерден қалмаймыз. Осы жолы Түркістан қаласына жол тартайын деп отырмын. Көшпенділер рухын оятатын іс-шаралар көп болса деймін. Қазақтың қара домбырасының үнін естігенде шетелдіктер қатты таңғалады. Олардың ерекше әсерін көріп, біз де арқаланамыз.

— Әңгімеңізге көп рахмет!

Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда атақты әнші, актер Кәукен Кенжетаевтың Аққу домбырасы сақталып тұрғаны хабарланған.