Олардың қатарында балалы отбасыларға берілетін жекелеген төлемдер, мүгедектікке, күтімге, асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақылар, жерлеуге берілетін төлемдер және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар бар.
С, D және Е санатындағы отбасылар аталған төлемдерді алу құқығын сақтайды.
А және В санатындағы отбасылар үшін бұл төлемдерді алу мүмкіндігі шектеледі. Қалған 22 түрлі жәрдемақы бұрынғы тәртіппен тағайындалады.
– Құжаттардағы айырмашылыққа қатысты мәселеге тоқталып кетуге рұқсат етіңіздер. Үкіметтің 5 қазандағы №870 қаулысында 10 жәрдемақы көрсетілген. Ал мұқтаждық қағидаты бойынша 14 төлем қаралып жатыр. Мұнда ешқандай қайшылық жоқ. Айырмашылық төлемдерді топтастыру тәртібіне байланысты болып отыр, – деп түсіндірді министр.
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақының бес түрі бір тармаққа біріктірілген. Жерлеуге берілетін төлем жеке көрсетілген.
Ал арнаулы кәсіптік жәрдемақы мұқтаждық деңгейін бағалау қолданылмайтын төлемдер тізбесіне енгізілген. Іс жүзінде мұқтаждықты бағалау 14 төлемге қолданылады.
Сонымен бірге, отбасының әл-ауқат деңгейіне қарамастан, жекелеген әлеуметтік кепілдіктер сақталады.
– Олардың қатарында мүгедектігі бар балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жетімдерге, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы алатын, көпбалалы аналарға арналған наградалармен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақылар бар. Отбасы А немесе В санатына жатса да, бұл төлемдер сақталады, – деді Асқарбек Ертаев.
Министрдің сөзінше, мемлекет өзіне алған әлеуметтік міндеттемелерін еш жағдайда тоқтатпайды.
Бұған дейін Еңбек министрі «А» санатының белгілерін атаған еді.
Ал жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу үшін бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі.