Феррари, Роллс-Ройс, зәулім үй: Еңбек министрі «А» санатының белгілерін атады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда әл-ауқаты жоғары отбасыларды анықтау үшін бірнеше өлшем қатар қолданылады. Атап айтқанда, жан басына шаққандағы табыс, жылжымайтын мүлік, бизнес активтері мен қымбат автокөліктер ескеріледі.

жылжымайтын мүлік
Фото: Kazinform

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев А санатына жататын отбасылардың қандай белгілер бойынша анықталатынын түсіндірді.

Министрдің айтуынша, А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатады. Оларды анықтау үшін төмендегі белгілердің кемінде екеуі қатар болуы қажет.

• бір адамға шаққандағы айлық табыс 356 мың теңгеден басталуы;

• жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйдің болуы;

• коммерциялық жылжымайтын мүліктің болуы;

• ірі бизнестің болуы;

• люкс санатындағы автокөлікке иелік ету;

• ірі жер учаскелері мен ауыл шаруашылығы активтерінің болуы.

Бұл ретте автомобильдердің шығу жылын ескере отырып, 11 марка – Ferrari, Rolls-Royce, Lamborghini, Bentley, Porsche, Maybach, Maserati, Aston Martin, McLaren, Lotus, Rivian болғанда әл-ауқаты жоғары отбасыға жатады.

Бір ғана көрсеткіш отбасын А санатына жатқызуға негіз болмайды.

– А санатына ең ауқатты үй шаруашылықтары жатады. Олардың қатарында Forbes тізіміне енген адамдар, ірі бизнес иелері, елеулі мүлкі мен ауыл шаруашылығы активтері бар адамдар кіреді. Қазіргі уақытта әл-ауқаты жоғары, А санатына жататын 329 мың үй шаруашылығы бар. Бұл – барлық үй шаруашылығының шамамен 5 пайызы, – деді А. Ертаев.

Еңбек министрі алты адамнан тұратын көпбалалы отбасын мысалға келтірді. Бұл отбасында жан басына шаққандағы айлық табыс – 458 мың теңге. Меншігінде жалпы ауданы 780 шаршы метр болатын үй мен пәтер, 2023 жылғы Bentley автокөлігі және 150 шаршы метр коммерциялық ғимарат бар.

– Бұл жоғары әл-ауқаттың төрт белгісі. Соған қарамастан, отбасы көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы алады. Осындай кезде әділеттілік мәселесі туындайды: ауқатты отбасы мен қаражаты жеткіліксіз отбасы бюджеттен бірдей көмек алғаны дұрыс па? 2027 жылдан бастап мұндай отбасыға мұқтаждық принциптері бойынша төлемдер тағайындалмайды, – деді Асқарбек Ертаев.

Бұған дейін А. Ертаев бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайтынын айтқан еді.

Ал жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу үшін бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі.