367 материалға дінтану сараптамасының теріс қорытындысы берілді - министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 367 материалға дінтану сараптамасының теріс қорытындысы берілді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінен мәлім етті.

Фото: pexels

- Биыл жыл басынан 1 896 материалға дінтану сараптамасы жүргізілді. Оның ішінде 367 нысанға дінтану сараптамасының теріс қорытындысы берілді, - деп атап өтті комитеттен агенттіктің ресми сауалына орай.

Комитеттің атап өтуінше, дінтану сараптамасы Мəдениет жəне спорт министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №162 бұйрығымен бекітілген Дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларына сəйкес жүргізіледі. Сараптама дни материалдардың мазмұны мен заңнамаға сәйкестігін бағалайды.

Дінтану сараптамасы зерттелетін материалдың белгілі бір діни ілімге қатыстылығын анықтауға және оның мазмұнын бейтараптық қағидаты тұрғысынан зерделеуге бағытталған. Сараптама барысында діни көзқарастар мен ғибадат ету тәжірибесінің оларды ұстанушыларға және қоғамның басқа мүшелеріне ықтимал теріс әсері де бағаланады.

Сонымен қатар сарапшылар сараптама жүргізуге өтініш берген ұйым қойған мәселелерді ескере отырып, зерттеу нысандарын қарастырады. Діни бірлестіктердің құрылтай құжаттарын зерделеу кезінде олардың қызметінің нақты нысандары мен әдістеріне де назар аударылады.

Бұдан бөлек, сараптама объектілері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасына қайшы келетін нормалардың бар-жоғы тұрғысынан зерттеледі. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол берілмеуі мәселесіне баға беріледі.

- Бұл ретте діни материалдың мазмұны жекелеген сөздер бойынша емес, кешенді түрде қарастырылады, - деді комитеттен.

Айта кетейік, «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы аясында оралған азаматтардың басым бөлігі радикалды көзқарастарынан бас тартып, қоғамға бейімделіп жатыр.