№2 Ақтөбе қалалық сотында «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру» баптары бойынша Г.Жұмағазинаға қатысты іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, ол 2019-2022 жылдар аралығында Qnet компаниясы мен оның өнімдерін жарнамалап, 25 адамға 37 млн теңгеден астам шығын келтірген. Судья Динара Гильманова бүгін Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша үкім оқыды.
«Г.Жұмағазина Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленсін. Коммерциялық және қаржылық ұйымдарда басшылық ету құқығынан 7 жылға айырылсын. Қылмыстық кодекстің 2018-бабы 2-бөлігі, 1-тармағы бойынша 2 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленсін. Түпкілікті 5 жыл бас бостандығынан, 7 жылға коммерциялық және қаржылық ұйымдарға басшылық ету құқығынан айыру жазасы тағайындалсын. Г.Жұмағазинаның жазасын өтеу орны қауіпсіздігі барынша төмен түзету мекемесі деп белгіленсін»,- деді судья Динара Гильманова.
Сот үкімін оқу кезінде сотталушының кәмелет жасқа толмаған баласы бар екені ескеріліп, жазасын өтеу уақыты 5 жылға кейінге шегерілді. Ал сол аралықта Г.Жұмағазина пробациялық бақылауда болады. Егер екі рет әкімшілік жаза қолданылса, бірден түзету мекемесіне қамалады.
Сонымен бірге сотталушы жәбірленушілердің шығынын толық кері қайтарған.
- Қылмыстық іс кезінде тапқан жылжымалы және жылжымайтын мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленсін. Олар: 2021 жылғы Mercedes-Benz көлігі, Алматы қаласындағы көлік тұрағы, Алматы қаласындағы жылжымайтын мүлкі, Ақтөбе қаласындағы пәтерін сатқандағы 30 миллион теңге ақшасы,- деді Динара Гильманова.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.