4 мың долларын жұмсап қойғанын ата-анасынан жасырғысы келген жігіт өзін тонап кетті деп хабар берген - Астана қалалық ІІД

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 25 наурызында сағат 17.31-де Астана қаласы «Есіл» аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне 23 жастағы елорда тұрғыны маска киген үш белгісіз адамның өзіне күш көрсетіп, 4 200 АҚШ долларын ұрлап кеткендігі жөнінде хабарлады.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. Аталмыш факт ҚР ҚК 191-бабы 3 б. («тонау») бойынша сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тіркеуіне енгізілді.

«Есіл» аудандық ІІБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Ерік Егізбаевтың айтуынша, Д. есімді азамат өткен жылдың мамыр айында ашқан депозиттік шотындағы 4 мың доллардан астам соманы жұмсап қойғандығын ата-анасына айтуға қорыққандықтан, қарақшылық шабуылды имитациялаған. Сол мақсатпен Астана қаласы ІІД Жедел басқару орталығының «102» пультіне өзін тонап кеткендігі жөнінде хабарлаған.

Оның ісі сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тіркеуіне алынып, ҚР ҚК 419-бабы («қылмыс жасалғандығы жөнінде жалған хабар беру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сотқа дейінгі тергеу барысында Д. өз кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды Астана қаласы ІІД баспасөз қызметі.