40 балалар омбудсмені мектеп оқушыларының мүддесін республикалық деңгейде қорғайды

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде мектеп парламенттері мен балалар қозғалысының көшбасшылары арасында балалар омбудсмендерін сайлау өтті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іріктеу нәтижесінде Республикалық кеңес құрамына еліміздің түкпір-түкпірінен 40 жас құқық қорғаушы қабылданды. Енді олар Қазақстанның барлық өңірінде оқушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға атсалыспақ.

Балалар омбудсмендері — бала мен мемлекет арасындағы сенімді дәнекер. Жастар өз замандастарының құқығын қорғауға бағытталған өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етеді, әлеуметтік бастамаларды қолдайды, балалардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын насихаттайды. Сонымен қатар, жас омбудсмендер бала мүддесін ескеретін мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді.

Басты назар — балалардың өзін-өзі басқару дағдыларын дамытуға, құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған.

— Біз үшін әр баланың өз тағдырына қатысты шешімдерге үн қосып, ықпал ете алуы аса маңызды. Балалар омбудсмендері — баланың үні естіліп қана қоймай, ескерілетін жүйенің ажырамас бөлшегі. Біз оларды балалардың құқықтарын қорғаудағы сенімді серіктестеріміз деп білеміз. Өйткені олардың көмегімен біз балалардың көзқарасын тереңірек түсініп, шынайы әрі нақты шешімдер қабылдай аламыз, — деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Еске сала кетейік, балалар өкілдігі институты өз қызметін 2020 жылдан бері атқарып келеді. Жыл сайын еліміздің барлық білім беру ұйымында өтетін балалар омбудсмендерінің сайлауы бүгінде балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің маңызды бөлігіне айналды.

Айта кетелік буллинг, кибербуллинг: 111 нөміріне балалар көбіне қандай мәселелермен хабарласқаны туралы жазған едік