400 мың айыппұл және 30 күнге қамау: Алматыда жол ережелерін елемеген жүргізуші жазаланды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жол-көлік оқиғасынан мемлекеттік нөмері жоқ көлікпен қашып кеткен жүргізушінің бейнежазбасы тарады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұл дерекке қатысты Алматы қаласының Полиция департементі жауап берді. Тәртіп сақшылары Райымбек даңғылында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған Hyundai Elantra автокөлігінің жүргізушісі ұсталғанын мәлімдеді. Оның көлік құралын басқару құқығы болмаған.

- Жүргізушінің кім екені анықталды. Ол Алматы қаласының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін оған бірқатар әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылды, - деп хабарлады департаменттен.

Полиция мәліметінше, құқық бұзушыға маневр жасау, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік жүргізу, көлік әйнектерін күңгірттеу, жол таңбаларының талаптарын сақтамау және көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра көлік басқару фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Одан бөлек жол-көлік оқиғасы бойынша жинақталған материалдар Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданған.

Сот шешімімен ол 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды және оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Еске салайық, Алматыда полиция жанында арандатушылық бейнежазба түсірген тұрғын ұсталды.