4 қыркүйекте өткен сот отырысында сотталушылардың біріне «Адам өлтіру» бабы бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал тағы екі адам 3 жылға шартты түрде сотталып, сот залынан босатылды.
Алайда, марқұмның туыстары сот шешіміне келіспейтіндерін жеткізді.
- Біз бұл үкіммен келіспейміз. Прокурор 17 және 15 жылдан сұраған еді, бірақ бұл орындалмады. Олар топ болып әрекет етіп, адамның өлімін кешке дейін жасырған. Сонда оларды қалайша сот залынан босатуға болады? Бұл - әділетсіздік. Мен соңына дейін сот төрелігіне сендім. Алайда тергеу басынан бастап дұрыс жүргізілмеді, - дейді марқұмның жұбайы Жанар Еспаева.
Еске салайық, қайғылы оқиға өткен жылдың 2 желтоқсанында болған. Төрт ер адам Қарақия ауданындағы Темірбаба жеріне түнде аң аулауға барған. Сол кезде Аслан Қыдырбаев оққа ұшқан.
Полиция бастапқыда оқиғаға қатысты абайсызда қару қолдану салдарынан болған жазатайым жағдай нұсқасын жариялады. Соның салдарынан Аслан Қыдырбаев атылып қалған деген болжам айтылды.
Алайда марқұмның туыстары бұл болжаммен келіспейді. Олардың айтуынша, аң аулауға барған адамдар мәйітті шамамен 9 сағат бойы пикап көлігінің жүксалғышында тасымалдаған. Бұл уақытта жедел жәрдемге де, полицияға да хабар бермеген. Сондай-ақ, олар марқұмды Жаңаөзендегі жақын ауруханаға апармай, 300 шақырым жердегі Ақтауға алып барған.
Редакция үкімге қатысты Маңғыстау облыстық сотына сұрау жолдады.
Бұған дейін, Ақтауда 36 шетел азаматы жауапкершілікке тартылды.