5 млн теңге талап еткен: Жамбыл облысында тұрғынды бопсалаған күдікті ұсталды

ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысында тұрғыннан 5 миллион теңге бопсалаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz

Жамбыл облысы полиция департаментіне Тараз қаласының тұрғыны өзін әлдекімнің бопсалағанын айтып, арызданған.

Жәбірленушінің айтуынша, күдікті оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді әлеуметтік желілерде таратамын деп қорқытып, жарияламау үшін 5 миллион теңге талап еткен.

— Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері жедел түрде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Жедел іс-шаралар нәтижесінде күдікті арызданушыға қысым көрсетуді тоқтату және бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған жағымсыз пікірлерді өшіру үшін алынған ақшаны беру кезіндегі қылмыс үстінде ұсталды, — делінген ақпаратта.

Осыған дейін Таразда алаяқтарға көмек көрсеткен күдіктілер қолға түскен болатын.