5 мыңнан астам шетелдіктің елде болу мерзімі бұзылған – ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ шетелдіктердің көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға бағытталған «Мигрант» операциясын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Операция барысында полиция шетелдіктер көп тұратын жерлерді, құрылыс нысандарын, базарларды, шетелдіктердің жалдамалы еңбегін пайдаланатын ұйымдар мен жұмыс берушілерді тексерген.

«Операцияның 8 күнінде 9 213 көші-қон заңнамасын бұзушылық анықталды. Оның ішінде 5 113-і шетелдіктердің елде болу мерзімін бұзуымен байланысты. Өздеріне келген шетелдіктер туралы полицияны уақтылы хабардар етпегені үшін 3 631 жеке және заңды тұлға жауапқа тартылды», - деді Ішкі істер министрлігінің онлайн-брифингісінде ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығару туралы 674 сот шешімі шығарылды.

«Барлық шығарылған адамдарға Қазақстанға кіруге 5 жылға тыйым салынды. Өз елінде қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 22 шетелдік ұсталды. Рейд жүргізу кезінде Жамбыл облысында елімізге заңсыз кірген Пәкістанның 9 азаматы ұсталды. Алматыда 2022 жылғы қарашада мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен Қырғыз Республикасының азаматы ұсталды. Осы фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу, сондай-ақ заңсыз иммигранттарға баспана берген адамдарға қатысты да тергеу жүргізіледі», - деді Ш. Тұрлыбек.