Министрдің айтуынша, цифрлық экономиканың мүмкіндіктерін ауыл тұрғындарына жеткізу үшін байланыс инфрақұрылымын дамыту және бірнеше бағыт бойынша пилоттық жобаларды іске қосу көзделген.
– Ең алдымен ауыл кәсіпкерлерін қолданыстағы маркетплейстерге қосып, өз өнімдерін кеңірек нарыққа шығаруға жағдай жасалады. Екінші бағыт – тапсырыстарды қабылдау және беру пункттерінің желісін кеңейтіп, тауарларды шалғай ауылдарға дейін жеткізуді ұйымдастыру, – деп атап өтті министр.
Үшінші бағыт халықтың цифрлық сауатын арттыруға арналған. Ауыл тұрғындары электрондық коммерцияны, цифрлық платформалар мен жасанды интеллект құралдарын пайдалануды үйренеді.
Бұл түрлі өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Халықты электрондық коммерцияға оқытуды жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен ұштастыру да маңызды. Осы мақсатта қайта даярлау мен кәсіби дағдыларды жетілдіруге арналған Upskilling платформасын іске қосу жоспарланып отыр. Ол жұмыспен қамту платформаларымен интеграцияланады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа Жолдауында азаматтардың смартфон арқылы табыс табуына мүмкіндік жасауды тапсырған еді.
Бұған дейін Ж.Мәдиев елдегі су қоймалары мен қалалардың цифрлық сыңарлары жасалатынын айтты.