54 жастағы ақмолалық Италиядағы шаңғы жарысына қатысты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Италияда өткен танымал шаңғы жарысында 7 мыңға жуық спортшы бас қосты.

Оның арасында биатлоннан ҚСРО спорт шебері, ардагер спортшы Игорь Алферьев жарыс жолына шығып, шеберлігін сынап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Ведомствоның дерегі бойынша, «Marcialonga» шаңғы жарысына биыл 7000 спортшы қатысты. Олардың арасына Ақкөл ауданынан барған 54 жастағы ақмолалық Игорь Алферьев 70 шақырым қашықтыққа классикалық әдіспен бақ сынады. Игорь 2013 жылдан бастап өнер көрсетіп келеді. Master Worldloppet орындау үшін міндетті түрде әр елде 10 марафонға қатысып, жүріп өтуі тиіс. Қазіргі кезде ол 7 марафонды артта қалдырған.

«Мен RC SharZhum шаңғы базасында жаттығамын. Өзіммен бірге Ақкөл ауданының жас шаңғышылары да бірге жаттығады», - дейді И. Алферьев.