6 минут 25 секундта жазылған тарих: Ескек есуден алғашқы Азия чемпиондары елге оралды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан тарихында академиялық ескек есуден Азия ойындарының алғашқы чемпиондары елге оралды. Владислав Яковлев пен Иван Чернухин бастаған ұлттық құрама спортшылары Астанаға ұшып келді.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Бұл жай ғана кезекті алтын медаль емес. Себебі бұған дейін Қазақстан бұл спорт түрінен Азиадада алтын алмаған. Шешуші жарыста Владислав Яковлев пен Иван Чернухин 6 минут 25,13 секунд нәтиже көрсетіп, Қытай экипажын 2,09 секундқа басып озды. Қола жүлде Өзбекстан спортшыларына бұйырды.

Спортшыларды Халықаралық Астана әуежайында жанкүйерлер, спорт саласының өкілдері мен журналистер қарсы алды.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

— Мәреге жеткеннен кейін жеңімпаз сезімі бірден келген жоқ. Алдымен допинг-бақылау, қайықты тексеру, өлшеу сияқты міндетті рәсімдерден өттік. Барлығы талапқа сай болды. Сондықтан телефонды да бірден қолға ала алмадық. Әрине, команда мүшелері, әріптестеріміз бен жаттықтырушыларымыз мәреге жеткен бойда бізді құттықтады. Оның өзі ерекше сезілді. Ал кешке, қонақүйге келгенде ғана Азия чемпионы атанғанымызды сезіндік. Чаттар мен әлеуметтік желілерде толассыз құттықтауларды көрдік. Бұл өте жағымды сезім. Өз спортыңа, өз экипажыңа деген мақтаныш пайда болады, — деді Владислав Яковлев Астана әуежайында.

Азия ойындарына дайындық жыл басында-ақ басталған. Спортшылар Түркістанда, Теміртауда және Беларустье оқу-жаттығу жиындарын өткізген.

Жеңімпаздар Владислав Яковлев пен Иван Чернухин – Орал және Теміртау қалаларының тумасы. Олар бала кезден ескек есу спортымен айналысқан және қазіргі уақытта Түркістан облысының атынан жарыстарға қатысып жүр.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Азия чемпиондары әлемдік аренада өздерінің басты қарсыласы кім екенін айтып берді.

— Әлемде Еуропа командалары өте мықты болып саналады. Онда бәсекеге түсетін командалар өте көп. Біз Азияның ең үздіктері атандық. Ендігі мақсат – Еуропа, — деді В. Яковлев.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Айта кетейік, бұл — Қазақстанның академиялық ескек есуден Азия ойындарындағы алғашқы алтыны. Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан атынан академиялық ескек есуден 17 спортшы бақ сынады.

Құрама сапындағы Владислав Яковлев пен Иван Чернухин алтын медаль жеңіп алып, осы спорт түрінен Азия ойындарында Қазақстанға тұңғыш чемпиондық атақты әкелді.

Қазақстандық спортшылардың 27 қыркүйектегі жарыс кестесін мына жерден қарауға болады.