6 наурыз күні 9 өңірде дабыл жүйесі қосылады

Фото: pixabay.com

9 өңірінде 6 наурызда сағат 11.00-де барлық дыбыстық электр дабылдары қосылады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

— 6-7 наурызда еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде «Су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбы бойынша «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың 2-ші кезеңі өтеді, — делінген хабарламада. 

Оқу үйлестіру және жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Қостанайда орналасады. Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн бойы Астана қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында профилактикалық іс-шаралар кешені өткізіледі.

— Сонымен қатар «Баршаның назарына!» дабылы бойынша аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында еліміздің 9 өңірінде 2025 жылғы 6 наурызда сағат 11.00-де барлық дыбыстық электр дабылдары қосылатын болады. Осыған орай тыныштық сақтап, үрейге бой алдырмауларыңызды сұраймыз, — делінген ТЖМ хабарламасында.

Еске салсақ жер сілкінгенде ала шығатын «дабыл шабаданына» не салу керектігі туралы жазған едік