6 жастағы бала даярлық сыныбына қабылдана ма
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Балабақшада тәрбиеленген балалар мектептегі даярлық тобына бара алмайды. Ал 6 жастағы баласын әлі кішкентай деп ойлаған ата-ана 7-ге толғанша күте алады. Тек оны мектеп те, балабақша да қабылдамайды.
Жаңа оқу жылына 1 ай уақыт қалды. Қазір кейбір ата-ана 6 жасқа енді толатын баласын мектепалды даярлық тобына беру жолын іздеп жүр. Бірақ ол мүмкін емес.
– Балабақшаға баратын бала 5 жасында мектепалды даярлық тобында болып, машықтанады. Ал балабақшаға бармағаны 5 жасында мектепалды даярлық тобына қабылданады. 6 жасқа толған, биыл жыл соңына дейін 6-ға толатын балалар 1 сыныпқа баруы тиіс. Ереже – осы. Қазір Бүлдіршіндер мектебі жұмыс істеп тұр. Бұл – 1 сыныпқа қабылданатын балаларға арналған оқу курсы. Бәрі Ұлттық білім беру деректері қорында тіркеулі тұр. ЖСН тірген кезде баланың қайда, қай білім ордасында тәрбиеленгені көрініп тұр. Балабақшада тәрбиеленсе, оны қайта мектепалды даярлыққа қабылдау мүмкін емес. Себебі жүйе бір тіркелгенді екінші рет қабылдамайды, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.
Егер бала қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 6 жасқа толса, ата-аналардың келер жылды күтуіне құқығы бар.
– Бойы аласа, әлжуаз балалар да болады. Соған қарап ата-аналар ойланып, мектепке бергісі келмейді. Ондайда мектепалды даярлық сыныбын сұрайды. «Балам дайын емес, мектеп бағдарламасын қалай игереді» деп уайымдайды көбі. Әліппені қолына енді ұстайтын баланың мектепке бәрін біліп баруы міндетті емес. Ол мектепте жүріп үйренеді. Ал егер 1 сыныпты бітіргенде де оқу бағдарламасын игере алмаса, ата-ана өтінішімен 1 сыныпты қайта оқи алады. Сонымен бірге психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия қорытындысын алады. Ал егер 6 жастағы немесе 6 жасқа енді толатын баланың 7 жастан бастап мектепке беретін болса, 1 жыл үйде күтуіне тура келеді, - деді Гүлжан Құлыбекова.
Айта кетейік, мектепалды даярлық тобы күн сайын 2 сағат, ал 1 сынып оқушылары 4 сағат оқиды. Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекованың айтуынша, 6 жастағы балалар бұл жүктемені көтере алады.
Бүгін Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ каникул кезеңдерін нақтылады. Оқу процесі 2025 жылғы 2 қыркүйекте басталып, 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады.