6 жыл түрме және мәжбүрлі ем: Жамбыл облысында нашақорға үкім шығарылды

Фото: freepik.com

ТАРАЗ. KAZINFORM – Шу ауданының тұрғыны марихуана дайындау кезінде қолға түскен. Ол тек пайда табу мақсатында ғана емес, есірткіге тәуелділігі салдарынан осындай әрекетке барғаны үшін ең жоғары жазаға тартылмады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Полицейлер ер адамды тамыз айында түнде ауыл шетіндегі жабайы қарасораны жинауға барған кезде ұстаған. Оқиға орнына жедел топ келген сәтте ол қарасораны орып, кептіруге жайып қойған екен. Ұсталған азаматтан 32 келі кептірілмеген қарасора тәркіленді. Бұл көлем аса ірі мөлшерге жатады.

Сараптай келе оның гашишке тәуелді екені және мәжбүрлі емді қажет ететіні анықталды. Тергеу барысында ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген. Сот оны есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, жазасын өтеу барысында мәжбүрлі ем қабылдауға да міндеттеді.

Айта кетейік, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы талқыланғанын хабарлағанбыз.

Жуырда Жамбыл облысында автокөліктен 12 қап марихуана табылды.

Ал өңірлер қазан айының соңына дейін нашақорлыққа қарсы жоспар әзірлеуі тиіс.

Сондай-ақ Алматыда биыл жарты тоннадан астам есірткі тәркіленгенін хабарлағанбыз.