Реттеуші органның дерегінше, соңғы бір айда берілген несие саны 476-ға, ал жалпы сомасы 10 млрд теңгеге артқан. Биыл 1 қазанда бағдарлама бойынша 1,249 трлн теңгеге 86 851 несие рәсімделген еді.
«7-20-25» бағдарламасы Қазақстанда 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты — азаматтардың баспана алуына мүмкіндік жасау. Бағдарлама аясында тұрғын үйді бастапқы нарықтан жылдық 7 пайыздық мөлшерлемемен сатып алуға болады. Ол үшін баспана құнының 20 пайызы көлемінде бастапқы жарна төлеу қажет. Несие мерзімі — 25 жылға дейін.
2025 жылғы қазанда Ұлттық банк бағдарлама бойынша сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құнын көтерді. Астана, Алматы қалалары мен олардың маңындағы елді мекендерде, сондай-ақ Ақтау, Атырау және Шымкентте тұрғын үй құнының шекті мөлшері 30 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Қарағандыда бұл көрсеткіш — 25 млн теңге, ал басқа өңірлерде — 20 млн теңге болып белгіленді.
Бұдан бөлек, қарыз алушыларға төлем қабілетін растау үшін қосалқы қарыз алушылармен қатар кепілгер тартуға да мүмкіндік берілді.
Ұлттық банк мәліметінше, бағдарлама жыл сайын бөлінетін 100 млрд теңгеге дейінгі қаражат шегінде қаржыландырылып келеді.
Айта кетейік, бүгін әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңіне өтінім қабылдау басталды.
Сондай-ақ «Наурыз» бағдарламасында өңірлерге жеке лимит енгізілуі мүмкін.