«Наурыз» бағдарламасында өңірлерге жеке лимит енгізілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы аясында жекелеген өңірлерге арнайы пәтер лимитін белгілеу ұсынылды. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтты.
Оның сөзінше, соңғы үш жылда бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан баспана алуды таңдаған. Бұл өзге өңірлерде тұрғын үй нарығын дамыту үшін қосымша қолдау шаралары қажет екенін көрсетеді.
— «Наурыз» бағдарламасы арқылы жыл сайын 8–10 мың жас отбасы баспаналы болады. Соңғы үш жылда қатысушылардың 60 пайызы, кейде тіпті 70 пайызы Астана, Алматы және Шымкент қалаларын таңдайды. Бұл шамамен 5–6 мың отбасы. Ал Жезқазған сияқты қалалар үшін 100 немесе 200 пәтерге жеке лимит қарастыруға болар еді, — деді Ләззат Ибрагимова.
Банк басшысы жақында Ұлытау облысына жасаған сапарында Жезқазғандағы тұрғын үй қорының ескіргеніне назар аударғанын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай қалаларда жаңа тұрғын үйлер салу халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
— Жезқазғанда мәселе тек қалаға жаңа тұрғындардың келуінде емес. Ең алдымен, осы жерде жұмыс істейтін адамдардың өмір сүру сапасын арттырып, оларға тұрғын үйдің жаңа стандартын ұсыну маңызды. Сондықтан мұндай өңірлерге арнайы қолдау шаралары қажет, — деді ол.
Ләззат Ибрагимова өңірлерге жеке лимит бөлу тұрғындардың өз қаласынан баспана алуына мүмкіндік беріп, жергілікті тұрғын үй нарығындағы сұранысты арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін тұрғын үйді қаржыландырудың жаңа жолдары қарастырылып жатқаны хабарланды.