Баспана бағасы мен халық табысы арасындағы алшақтықты азайту көзделіп отыр — Отбасы банк
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тұрғын үй бағасы мен халық табысының өсу қарқынын сәйкестендіру үшін ипотеканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың жаңа тетіктері қарастырылып жатыр. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Астанада өткен сарапшылық талқылауда айтты.
Оның сөзінше, бүгінде банк клиенттерін алаңдататын басты мәселелердің бірі — баспана құнының қымбаттауы мен отбасы табысының арасындағы алшақтық.
— Клиенттеріміз ең жиі қоятын сұрақ — қазақстандық отбасылардың табысы мен тұрғын үй бағасының өсу қарқыны қаншалықты сәйкес келетіні. Біздің міндетіміз — осы екеуінің арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Сондықтан құрылыс компанияларының қауымдастығымен және Қазақстан құрылысшылар одағымен кездесіп, 2027–2028 жылдарға арналған ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін талқылауды жоспарлап отырмыз, — деді Ләззат Ибрагимова.
Банк басшысы жаңа тетіктерді әзірлеу кезінде тұрғындардың баспанаға қаржы жинау мүмкіндігі мен болашақтағы пәтер құнын алдын ала ескеру маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ескі үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында тұрғындардың мүддесін қорғауға арналған жаңа кепілдік тетігі іске қосылатыны хабарланды.