7 мың бала қант диабетіне шалдыққан: Президент фаст-фуд жарнамасын мұқият зерделеуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға бағытталған фаст-фудтың агрессивті жарнамасына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке оның денсаулыққа әсерін жан-жақты зерттеуді тапсырды. Президент май, қант және тұзы жоғары өнімдер жарнамасын шектеу тәжірибесін қарастыруды ұсынды.

Фото: Freepik

Республикалық Тамыз конференциясында Президент фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кеткенін баса айтты.

Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді.

— Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл өте күрделі мәселе екенін айтып, түрлі шетін тұстары, пікірталастарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар екенін де жасырмады.

— Дегенмен Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы 16 жасқа дейін әлеуметтік желіге тыйым салып, міндетті SIM-карта енгізуді Құрылтайда қарауды ұсынған еді.