77 ауыл ауызсумен қамтылды — Ақмола облысы

Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Өңір халқын ауызсумен қамту мен оның сапасына ерекше назар аударылады. Бұл туралы облыс әкімі Марат Ахметжанов мәлім етті. 

— Бұл мақсатқа биыл 36 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы жылы 77 ауыл сумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 36 ауыл су құбырлары желісін салу есебінен (20 мың тұрғын) жүргізіледі. Қазір 16 ауылда жұмыс аяқталды.

Әкімнің баяндамасына сәйкес сумен қамтылатын елдімекендер: 
— Атбасар ауданы, Родионовка және Калиновка ауылы;
— Астрахан ауданы, Первомайка, Жамбыл және Камышенка ауылы;
— Біржан сал ауданы, Заозерное және Үлгі ауылы;
— Есіл ауданы, Игілік ауылы;
— Зеренді ауданы, Васильковка, Садовое, Заречное, Өзен және Троицкое ауылдары;
— Бурабай ауданы, Наурызбай батыр, Молбаза және Шиелі ауылы.
— 41 ауылда кешенді блок-модуль орнатылды. Су сапасын жақсарту мақсатында биыл 17 ауылдағы су құбырлары желісі жаңғыртылды. Тағы 10 ауылда жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде 44 мың тұрғын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Биыл тамыз айында Көкшетау қаласында жаңа су тазарту құрылысы іске қосылды. Жаңа кешен заманауи технологиямен жабдықталды, ол суды бес сатылы тазартуға мүмкіндік береді, — деп толықтырды облыс басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Марат Ахметжанов Ақмола облысында апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілгенін мәлім етті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай биыл 7 мыңнан астам ақмолалық тұрғын үй жағдайын жақсартты

Биыл Ақмола облысының диқандары рекордтық көлемде астық жинады

Еске сала кетейік, Ақмола облысында астықты терең өңдейтін алғашқы зауыт құрылысы басталды

Сондай-ақ 2026 жылы Қосшыда жаңа электр энергиясы станциясы салына бастайды