80-нен аса көлік полицейлері төсбелгілермен және грамоталармен марапатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 тамыз күні Көліктегі ІІД-де Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Оған департамент басшылығы мен жеке құрам, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Бұдан соң, департамент бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Сапар Шерьязданов әріптестерін айтулы мерекемен құттықтап, күрделі де жауапты қызметтеріне табыстар тіледі.

Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Конституция мызғымас мемлекеттігіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі», - деген болатын.

Негізгі Заңның ережелері мен қағидаларын бұлжытпай орындау, конституциялық құндылықтарды қорғау - бұл әр азаматтың қасиетті борышы. «Бұл ретте ішкі істер органдарының қызметкерлері Отан алдындағы жауапкершіліктерінің орасан екендігін айырықша сезінулері тиіс», - деді Сапар Сағынтайұлы.

Шара барысында ішкі істер органдарының ардагерлері де жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілек білдірді.

Өз қызметтік міндеттерін адал атқарған полиция старшинасы Ж. Алпысбаев пен полиция аға сержанты Б. Ақышевқа ҚР ІІМ-нің медалі мен грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ, мерейлі мерекеде жоғары нәтиже көрсеткен 81 қызметкер төсбелгілермен, департамент басшылығының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.