89,1 пайызы жиналды: Ақмола облысында екі-үш күнде егін орағы аяқталады

Ақмола облысының диқандары қазан айындағы ауа райының қолайлы сәтін ұтымды пайдалануға тырысып жатыр. Тәулік бойы жұмыс істеп, астықтың  89,1 пайызын бастырған диқандар бірер күнде егін орағы науқанын аяқтауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл облыстағы егістік көлемі – 5,3 миллион гектар. Оның ішінде 4,9 миллион гектарында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 197 мың гектарда майлы дақылдар және 223,4 мың гектарда жем-шөп егілді.

«Бүгінде облыс бойынша 4 миллион 394 мың гектардың егіні бастырылды. Бұл – барлық егіс алқабының 89,1 пайызы. Облыс бойынша әр гектардан орта есеппен 5,8 центнерден астық жиналып жатыр», – деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары Еркеш Әленов.

Сонымен бірге, ол атап өткендей, келер жылдың көктемгі егісі үшін қажетті тұқым қоры да жасалып жатыр.

«Келер жылға жоспар бойынша 536 мың тонна тұқым қажет болса, оның 242 мың тоннасын немесе 45 пайызын қамбаға құйып алдық. Науқанға барлығы 8,9 мыңнан астам комбайн, оның ішінде 4,7 мыңнан астам бірлік қазіргі заманғы өнімділігі жоғары комбайн, 2,6 шалғы, 4,8 жүк көлігі тартылған. Егін жинауға мемлекет тарапынан арзандатылған 90,5 мың тонна жанар-жағармай бөлінді», – деп толықтырды Еркеш Әленов.

Сонымен бірге, басқарма басшысы егін орағы жұмыстары тәулік бойы жүргізілетінін, түскен астық элеваторларға жетікізілетінін атап өтті.

«Ауа райы жақсы болып тұрғанда кезде ширақ қимылдап жатырмыз. Алдағы күндер ашық болса, науқанды екі-үш күнде аяқтаймыз. Көктемде ылғал, жазда жаңбыр аз болды. Одан қалды киіктер шапты, бұршақ пен күзгі жаңбыр да біраз қиындық туғызды. Қыркүйек айындағы жаңбырдан залал көп келді, 2 миллион 945 мың гектардың егіні көктеп кетті. Сол үшін үкімет тарапынан 20 мың тонна жанар-жағармай және 1 мың тонна газ бөлінді. Қиындықтарға қарамастан диқандар бар күшін салып жатыр», – деп түйіндеді Еркеш Әленов.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында аптап ыстық пен жаңбыр астықтың шығымына кері әсер еткендігі туралы жазған едік.