9 ақпаннан Астана – Павлодар автобанында жылдамдық режимі төмендетіледі

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Астана-Павлодар республикалық автожолында көліктер бұдан былай сағатына 110 км жылдамдықпен жүйтки алады. Жылдамдық режимін шектеу қысқы уақытта ғана қолданылатын болады.

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ Павлодар облыстық филиалынан хабарлады. 

- Жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі халықаралық және республикалық маңызы бар барлық автокөлік жолдарында қысқы кезеңге ғана жылдамдық режимін төмендету туралы шешім қабылдады.
Министрліктің шешімін орындау шеңберінде 2026 жылғы 9 ақпан сағат 00.00.-ден бастап «Астана-Павлодар» бағыты бойынша қысқы кезеңге жылдамдық режимін 140 шақырым/сағаттан 110 шақырым/сағатқа дейін төмендету жүргізілетін болады, - деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖолдан».

Көктем-жаз кезеңінің басталуымен бұрын белгіленген жылдамдық режимін қалпына келтіру жоспарланған.

Еске сала кетейік, Алматы-Қонаев жолы Алатау қаласының тұрғындарына тегін болады.