9 айда қай салаларды өндіріс көлемі артты

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 9 айда өңдеу өнеркәсібі 8,6 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Коллаж: Kazinform/ЖИ

Вице-премьердің айтуынша, 9 айдағы ел экономикасы өсімінің негізгі драйверлерінің бірі өңдеу өнеркәсібі болып отыр. Өндірістің өсуі 8,6%-ды құрады. Бұл қаңтар-тамыздағы көрсеткіштен 0,2 пайыздық тармаққа жоғары.

- Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу машина жасаудағы өндірістің 22,8%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда – 29,9%-ға және электр жабдықтарын өндіруде 20,7%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Азық-түлік өндірісі - 13,8%-ға, дайын металл бұйымдары – 34,8%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 30,9%-ға, химия өнеркәсібінде – 23,4%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдары – 18,1%-ға, құрылыс материалдары 5,9%-ға, өсті. Металлургияның нақты көлем индексі қаңтар-тамыздағы 97,3%-дан 98,2%-ға дейін артты. Бұл ретте қара металлургияда өсу оң аймақта бекітіліп, 2,8%-ды құрады, - деді ол.

Оның атап өтуінше, оң динамикаға шығу үшін тау-кен металлургия кешенінің ірі отандық кәсіпорындарын шикізатпен және олардың өндірістік жүктелуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар әзірленіп, қабылданды.

Экономикалық өсудің белсенді саясаты жалғасып жатыр.

- Басымдық берілетін салаларды қаржыландыру үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне 540 млрд теңге бөлінді. Холдинг нарықтық қаржыландыруды тарту есебінен 6 трлн теңгеге жобаларды қаржыландырды, - деді вице-премьер.

Осыы орайда Серік Жұманғарин холдинг мынадай негізгі жобаларды қаржыландырғанын атап өтті:

- калий тыңайтқыштарын өндіру зауытын салу;

- азот тыңайтқыштарын өндіру зауытын салу;

- алюминий рулонын өндіру зауытының құрылысы;

- астықты кешенді өңдеу зауытын салу;

- кірпіш зауытының құрылысы.

Айта кетейік, биыл 9 айдың қорытындысында ел экономикасының өсуі 4,2 пайызды құрады.