ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Өзбекстанда 5895 жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында баяндама жасаған Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы Кутбиддин Бурханов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Сенатордың айтуынша, тіркелген жол-көлік апаттарынан 1 303 адам қаза тауып, 4 592 адам зардап шекті. Бұл ретте 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қайғылы оқиғалар саны 4,8%-ға азайған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 10 рет ереже бұзған өзбекстандықтар енді көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Бұған қоса, Өзбекстанда автобус жолағына түскен көлік жүргізушілеріне айыппұл салынуы мүмкін екенін жазып едік.
Былтыр мас күйінде көлік басқарған 31,3 мың өзбекстандық әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 2024 жылы Өзбекстанда жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тапты.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.