9 түлек кешенді тестілеуде ең жоғары нәтиже көрсетті - БҒМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 19-22 шілде аралығында республиканың 42 оқу орындары базасында өткен кешенді тестілеу қорытындысында 9 түлек кешенді тестілеудің ең жоғары балын жинады.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде кешенді тестілеу қорытындыларына байланысты өткен брифинг барысында Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.

Еске салайық, кешенді тестілеу жоғары оқу орындарына түскісі келетін өткен жылдардың мектеп бітірушілеріне және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының, колледждердің түлектеріне арналады.

«Кешенді тестілеу барысында түлектердің тыйым салынған ұялы телефон, шпаргалка, калькулятор сынды құралдарды пайдаланғандары да болды. Сондықтан да, кешенді тестілеуді өткізу барысында 46 мың 800-ден астам тыйым салынған құралдар алынды. Сонымен қатар, түлектердің орнына кіріп сынақ тапсырмақ болған 49 азамат анықталды, ережені бұзғаны үшін бірқатар түлек тестілеу барысынан шығарылды», - деді Т. Балықбаев.

Оның айтуынша, республикалық апелляциялық комиссияға кешенді тестілеуге қатысушылардан 27 шағым келіп түскен. Олардың 3-еуі қанағаттандырылған.