9,2 мың агрессорға ерекше талап қойылды — ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері әйелдерге қатысты құқық бұзушылық жасаған азаматтарға 35 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылып, 9,2 мың агрессорға қатысты ерекше талап белгіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.

Фото: Әділет министрлігі

Оның мәліметінше, жыл басынан бері әйелдерге қатысты құқық бұзушылық жасаған 41 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

— 11 мыңнан астам адам әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар 35 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылды. Сот шешімімен 9,2 мың агрессорға қатысты ерекше талаптар белгіленген. Оның ішінде 8,3 мың адамға алкогольдік ішімдік тұтынуға тыйым салынды, — деді Санжар Әділов.

Вице-министрдің айтуынша, белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін 10 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Сот шешімімен олардың барлығына міндетті психокоррекциялық бағдарламалар тағайындалған.

— Әрбір әйел өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әйелдердің құқықтарын қорғау және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысы тұрақты бақылауда, — деді ІІМ өкілі.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі елімізде бопсалау қылмысы 15%-ға азайғанын айтқан еді.