92 млн теңгелік пентхаус: Шымкентте ҰҚК-нің бұрынғы басшысының орынбасарына қатысты іс қорытынды сатыға жетті

Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта алқабилер соты биылғы жылдың ең резонансты сыбайлас жемқорлық істерінің бірі бойынша тараптардың жарыссөзін бастады.

ҰҚК облыстық департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Манат Сарбасовқа аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады, пара беруге және алуға итермеледі, заңсыз табысты заңдастырды деген айып тағылып отыр. 

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол 2020 жылы пандемия кезінде медициналық жабдықтар мен қорғаныс құралдарын сатып алу схемасына араласқан. Мемлекет бөлген қаржының бір бөлігі жылжымайтын мүлікке жұмсалған деген күдік бар.

Сот отырыстары барысында айыпталушы мен оның жақындарының мүліктік операцияларын талдауға ерекше көңіл бөлінді. Сотқа 2020 жылы Қонаев даңғылындағы тұрғын үй кешенінен 34 миллион теңгеге екі деңгейлі пәтер сатып алынғаны жөнінде дәлелдер ұсынылды. Тергеу дерегінше, бұл жылжымайтын мүлік Сарбасовтың жұбайының әпкесі — Ботагөз Мырзабаеваның атына рәсімделген.

Араға екі жарым жыл салып, пәтер 92 миллион теңгеге сатылып, қаражат сол туысының депозиттік шотына аударылған.

Сот отырысының бірінші жартысында куәлардан жауап алу барысында негізгі назар пентхаусқа аударылды. Куә ретінде сөз алған Ботагөз Мырзабаева аталған пәтердің расында отбасына тиесілі болғанын растады.

— Манат Сарбасовтың бұл пәтерге ешқандай қатысы болған жоқ. Пентхауста біраз уақыт бойы әпкесі «отбасылық жағдайларға байланысты» тұрған, кейінірек көшіп кеткен, — деп түсіндірді куәгер.

Ботагөз пәтерді өз бетінше, оның қамауға алынғанынан бейхабар күйде сатқанын және барлық ақшаны шотынан шешіп алғанын мәлімдеді. Ол сонымен бірге бірде-бір теңгені Сарбасовқа бермегенін айтты. Үйінде тінту жүргізу барысында ұялы телефоны тәркіленгенімен, куәгер өз құқықтары жөнінде тиісті түрде хабардар етілмей тұрып, құпиясөзді ерікті түрде бергенін жеткізді.

Ботагөздің жұбайы, кәсіпкер Дидарбек Наршабеков Сарбасовпен де, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу бөлімінің бұрынғы басшысы Чингиз Джанабаевпен де таныс екенін айтты. Наршабековтің сөзінше, бірде Сарбасов өзінен 10 миллион теңге қарызға сұрап, кейін 13 миллион етіп қайтарған. Сондай-ақ ол Қонаев даңғылындағы пентхаустың қарапайым әрлеуде 34 миллион теңгеге сатып алынғанын, жөндеуден өтіп, 92 миллион теңгеге сатылғанын растады.

— Түскен қаражатқа жер телімін алуды жоспарлағанмын, бірақ ол жүзеге аспады, — деді кәсіпкер.

Манат Сарбасовтың жұбайы Динара Мырзабаеваның жылжымайтын мүлік операцияларына қатысқанын риэлтор Антон Романов растады. Ол бірнеше пәтерді жалға беру жөнінде, соның ішінде пентхаусты айына 600 мың теңгеге жалға ұсыну туралы одан өтініштер алғанын атап өтті. Алайда, оның айтуынша, барлық жайтты егжей-тегжейлі еске түсіру қиын, себебі арада бірнеше жыл өткен.

Пентхаустың жаңа иесі сот отырысына онлайн қосылып, пәтерді 2022 жылы банк арқылы несиеге сатып алғанын түсіндірді. Оның айтуынша, тұрғын үйді сату туралы хабарландыру сайтқа жарияланған, келіссөздерді Динара жүргізген, ал мәміле рәсімдеу кезінде жылжымайтын мүлік Ботагөздің атына рәсімделгендіктен, ол да қатысқан. Сондай-ақ ол Сарбасовты жеке танымайтынын атап өтті.

Қосымша мәліметті тұрғын үй кешенінің сантехнигі берді. Ол үш пәтердегі жөндеу жұмыстарына берілген барлық тапсырыстар Динара Мырзабаевадан түскенін растады. Оның сөзіне қарағанда, Динара бұл жылжымайтын мүлікті қайын атасы — Сарбасовтың әкесі сатып алғанын айтқан.

Айта кету керек, сот журналистерге залда фото және бейнетүсірілім жүргізуге тыйым салды. Бұл шектеу айыпталушыға, қорғаушыға, прокурорға, алқабилер мен куәларға да қатысты болды. Сот тыңдалымы судья Әбінұр Қарабаевтың төрағалығымен өтіп жатыр, ал мемлекеттің мүддесін басқарма прокуроры Мәдияр Әбілқасымов қорғауда.

Бұл істің тыңдалымдарына шамамен жарты жыл уақыт болды. Куәлардан жауап алу, ондаған адамның мәлімдемелері мен қаржылық және мүліктік құжаттарды талдаудан кейін сот қорытынды кезеңге — тараптардың жарыссөзіне өтті. Алдағы күндері қорғаушы мен айыптаушы өздерінің соңғы уәждерін ұсынады, содан кейін алқабилер үкім шығару үшін кеңеске кетеді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте психотроптық зат дайындауға әрекет жасаған адам 8 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.