Кездесудің негізгі мақсаты - екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту және заң шығару мәселелерін талқылау болып табылады.
Кездесу барысында А. Бейсенбаев екі елдің заң шығару органдары өзара іс-қимылдың барлық салаларында екіжақты ынтымақтастықты ұлғайтуға белсенді қатысуы тиіс деген пікір білдірді.
Сондай-ақ А. Бейсенбаев Қазақстан Парламентінің қызметі және құрылымы туралы әңгімеледі және қазақстандық парламентшілер ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және НАТО парламенттік ассамблеяларына қатысу аясында венгр әріптестерімен көпжақты байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Л.Кёвер парламентшілер арасындағы ынтымақтастықты үдету жайында айта келіп, екі ел арасында әріптестік байланыстарды одан әрі ілгерілету үшін берік іргетас қалыптасқанын жеткізді.
Парламентшілердің ел ішіндегі қоғамдық-саяси ахуал қалыптастыруға ғана емес, тұтастай халықаралық үдерістерге әсер ете алатынын атап өте келіп, А.Бейсенбаев Қазақстанның 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болуы туралы өтінішін ілгерілетуге Мемлекеттік жиналыстың жәрдемдесуін өтінді.
«Қазақстан бұрын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болған жоқ, дегенмен, халықаралық күн тәртібіндегі ең жауапты және күрделі салаларында мол тәжірибесі бар. Біздің еліміздің бірқатар аймақтық және жаһандық үдерістерге тығыз араласуы бізге сан-салалы ақпараттарға және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында тұрған халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешудің түрлі жолдарына ие болудың тамаша мүмкіндігін беріп отыр. Біз БҰҰ органдарымен өзара қолдау алмасудың кез-келген мүмкіндігін қарастыруға әзірміз», - деп атап өтті Сенат төрағасының орынбасары.
Кездесу барысында экономика және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасының Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрбах Рүстемов, сенаторлар Серік Ақылбай, Светлана Жалмағамбетова, Владимир Бобров және Мәжіліс депутаты Андрей Бегенеев қатысты.