«Балалардың жазғы демалысы өте өзекті мәселелердің бірі және әрдайым ол министрліктің жіті бақылауында. Қазіргі уақытта балалардың жазғы демалыс мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында жұмыс жасаудамыз. Бүгінгі таңда мемлекеттік және жекеменшік лагерлердің саны екі мыңға артты және 11 мыңға жетіп отыр. Олардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың қарауында», - деп атап өтті министр.
Оның сөзіне қарағанда, балалар демалысын ұйымдастыратын ұйымдарды жергілікті білім беру департаменттері қадағалайды.
«Біздің департаменттер арқылы мониторинг жасап отырамыз және балалардың тамақтануы, қауіпсіздігі және оларды қорғау, сонымен қатар көрсетілетін қызметтердің сапасы өз деңгейінде болуын қадағалаймыз. Әрине, оқыс оқиғалар болып жатады, олар жеке-жеке балалар құқықтарын қорғау комитетінде қаралады. Әрбір келеңсіз жағдай бойынша біз егжей-текжейлі қарап, тиісті қорытындылар шығарамыз», - деді А.Сәрінжіпов.
Айта кетейік, елдің бірқатар лагерлерінде балалардың жаппай улану оқиғалары тіркелген болатын. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.