А.Сәрінжіпов: Білім министрлігі Бас прокуратурамен бірге жеке ЖОО-лар мен колледждерді тексеру жұмыстарын жалғастырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім министрлігі ағымдағы жылы да Бас прокуратурамен бірге жеке ЖОО-лар мен колледждерді тексеру жұмыстарын жалғастырады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты.

«ЖОО-лар мен колледждер желісін оңтайландыру бойынша жұмыстар өз жалғасын табады. 2014 жылы 5 жоғары оқу орны жабылды. 8 оқу орнының лицензиясы тоқтатылды. Үш жоғары оқу орын бойынша материалдар сотта жатыр. Ағымдағы жылы да Бас прокуратурамен жеке ЖОО-лар мен колледждерді тексеру жұмыстары жалғасатын болады», - деді министр.

А.Сәрінжіповтың атап өтуінше, жоғары білім беру жүйесінде білім, ғылым және өндірісті интеграциялау бағытындағы шаралар жүзеге асырылуда. «Атап айтқанда, төрт жетекші ЖОО Ғылыми зерттеу институттарымен, олардың өндірістік базалары мен тәжірибелік шаруашылықтарымен ықпалдастырылатын болады. Мәселен, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ «Парасат» холдингінің Жер, металлургия және байыту туралы ғылым орталығы, Геологиялық ғылым институты сынды ғылыми сегіз институтпен біріктіріледі», - деді ол.