Кездесу барысында көтерілген мәселелер туралы бүгін қала әкімі өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқарат.
«Қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аралауды жалғастырамын. Көппәтерлі үш тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен қайта кездестім. Олар - «Коргалжынский квартал», «Комсомольский», «Арыстан» тұрғын үй кешендері. Құрылыстың тоқтап қалмауы және үлескерлердің жұмыс нәтижесін көргені маңызды, сол себепті құрылыс алаңдарында тұрақты түрде кездесу өткіземіз»,-деді әкім.
Оның сөзінше, тұрғын үй кешендерінің жағдайы қиын болатын. Мәселен «Арыстан» тұрғын үй кешенінің құрылысы 11 жыл бұрын басталған. Нысанды тапсырар кезде небәрі 20-30%-ға дайын еді. Мұнда 450-ге тарта үлескер отбасы пәтерін күтіп жүрді. Тұрғын үй кешені бірнеше блоктан тұрады, олардың бір бөлігі аяқталып, үлескерлерге пәтер кілті табыс етілді. Қалған блоктар да аяқталады. «Комсомольский» тұрғын үй кешені 8 жыл бұрын проблемалы деп танылған. Мұнда 600-ден астам үлескер отбасы бар.
Осыған дейін елордада екі жыл ішінде 40-тан астам жайлы мектеп салынатынын хабарлаған болатынбыз.