Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты алғашқы Назарбаев оқулары халықаралық форумында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.
«... Әуелі - ол заманда ел басы... болады», деп жазған еді ұлы Абай. Болашақты болжаған Абай бабамыз қандай ұлы болса, халық, заман сынынан мүдірмей өтіп келе жатқан Назарбаев та сондай ұлы тұлға! Мұны тарих, мұны әлем мойындап отыр», - деді Б.Жұмағұлов.
Сонымен қатар жаһандық саясат, Қазақстандағы саяси-әлеуметтік, ұлттық татулық тәжірибелері әлемдік даму контексінде қаралатындығына сенім артқан министр: «Көптеген мысалдар көрсетіп отырғанындай, адамзаттың дамуы жаңа мемлекеттер құрудың шешуші кезеңдерінде ерекше пассионарлық жетекшілер пайда болып, тарихқа еніп жатады. Олар жаңа елдер тәуелсіздігінің символдары ғана емес, сонымен қатар беделі орныққан рухани, зияткер көшбастаушылар ретінде де танылуда. Олардың ықпалы жекелеген мемлекет шеңберінен тыс шығып, өркениеттің дамуына да жүйелі түрде ықпалдық етіп жатады. Олар Джордж Вашингтон, Махатма Ганди, Нельсон Мандела, Мұстафа Кемал Ататүрік, Махатхир Мохамад және басқа да көшбасшылар. Осындай пассионарлық тұлғалардың қатарына, сөзсіз, Қазақстан халқының әлем таныған көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жатады», - деді.