Абай мен Ұлытау облыстарына республикалық бюджеттен қосымша трансферттер бөлу керек — Мәжіліс депутаты
АСТАНА. KAZINFORM — Абай мен Ұлытау облыстарына республикалық бюджеттен қосымша трансферттер бөлу керек. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Жигули Дайрабаев осындай ұсыныс жасады.
— Абай және Ұлытау облыстарына 10 күндік жұмыс сапарымен барып, шалғай ауылдарды аралап, елдің тұрмыс-тіршілігімен таныстым. Кездесулер барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі екі өңірге де ортақ, әрі жүйелі сипатқа ие. Бұл ең алдымен мамандардың тапшылығы, жастардың ауылдан көшуі, ветеринарлық сала деңгейінің төмендігі, ауыз су, көлік, жол, жалпы ауылдық инфрақұрылымның тозуы сияқты сұрақтардан көрініс тауып отыр. Аталған мәселелерді жергілікті бюджеттердің қаражатымен шешу мүмкін емес. Ерекше алаңдататын жағдай — фермерлер үшін несиелеу шарттарының қатаңдығы, кепіл талаптарының ауырлығы, қаржының кеш бөлінуі жұмыстардың уақытында жүргізілуіне мүмкіндік бермей отыр, — деді Жигули Дайрабаев.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Абай және Ұлытау облыстарын дамытуды жеделдету мақсатында Үкімет тарапынан бірқатар мәселені қарастыруды сұрады.
— Бірінші, аталған облыстарға арналған арнайы кешенді әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын қайта қарап, қаражатты көбейту мүмкіндігін зерделеп, республикалық бюджеттен қосымша трансферттер бөлу керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарға арналған арнайы қаржылық қолдау шараларын енгізу мәселесін қарастыру және инвестиция тартуға бағытталған ерекше жеңілдіктер мен ынталандыру тетіктерін енгізу қажет, — деді ол.
Оның айтуынша, екіншіден, ірі қара малдың бұқашықтарын экспорттауға қойылған шектеуді алып тастау немесе бордақылау алаңындарына ет өңдеуші кәсіпорындармен келісім арқылы ірі қара мал етін экспорттауға квота арқылы мүмкіндік берген жөн.
— Үшінші, су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларына әр облыстың бюджет мүмкіндіктері ескеріліп, су үнемдеу технологияларын енгізу кезінде жұмсалған шығындар қағидасына республикадан 80 пайыз өтемақы беру қарастырылса. Төртінші, жалпы ауыл шаруашылығымен айланысатын фермерлердің, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін нақты әлеуметтік-тұрмыстық қолдау шараларын күшейту қажет. Жаңадан құрылған облыстарға ерекше назар аудару қажет деп санаймын. Бұл — ел бірлігін нығайтуға, ауылдардың әлеуетін арттыруға және халықтың өмір сапасын жақсартуға тікелей ықпал ететін маңызды мәселе, — деді ол.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты аграрлық мамандық студенттерінің шәкіртақысын көтеруді ұсынған болатын.