Абай облысы мен ШҚО-да алғашқы қар жауып, жол жүру қиындады

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысы мен ШҚО-да алғашқы қар жауып, жолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Фото: Өскемен қаласының тұрғындарынан

Шығыс Қазақстан облысында алғашқы қар жауып, қалааралық жолдарда көктайғақ пайда болды. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірқатар тасжолда көлік қозғалысына шектеу енгізіліп, жазғы дөңгелекпен жүрген автокөліктердің жолға шығуына тыйым салынды.

Абай облысында бүгін қолайсыз ауа райы күтіледі. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ескертті.

— 21 қазанда Абай облысында жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ күтіледі. Облыстың батысында, солтүстігінде жаяу бұрқасын болады, — делінген ТЖД хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, батыстан, солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні түнде облыстың батысы, солтүстігі мен орталығында 15-20 м/с-қа жетеді. Күндіз облыстың солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында желдің екпіні 24-29 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Семей қаласында желдің екпіні 15-20 м/с, кей уақыттарда 25 м/с болады деп болжанып отыр.

Қазгидрометтің Абай облысы бойынша 21-25 қазанға арналған консультативтік болжамына сәйкес, бүгін өңірдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Облыстың батысы, солтүстігі мен орталығында желдің екпіні 15-28 м/с-қа жетеді. Ауа температурасы 2… 7 градус болады.

22-23 қазанда да жауын-шашын мен көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні 15-25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Түнде ауа температурасы -3… 3, күндіз 0… 5 градус болады.

24 қазанда Абай, Жарма, Көкпекті, Ақсуат, Үржар және Мақаншы аудандарында аздаған қар жауып, көктайғақ болады. 25 қазанда жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Семейде бүгін жаңбыр мен қар жауып, желдің екпіні 15-20 м/с, кей уақытта 25 м/с болады. Ауа температурасы 3… 5 градус шамасында болады.

Ал Шығыс Қазақстан облысында да ауа райы күрт өзгереді. Қазгидрометтің болжамынша, 21 қазанда өңірдің басым бөлігінде жаңбыр, дымқыл қар жауып, көктайғақ болады. Облыстың шығысы мен таулы аудандарында қалың қар жауып, жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстікте, оңтүстікте және орталықта желдің екпіні 15-28 м/с-қа жетуі мүмкін.

Өскеменде күндіз жаңбыр мен қар жауып, желдің екпіні 15-23 м/с болады деп болжанып отыр. Ауа температурасы 2… 4 градус шамасында болады.

Еске салсақ, бұған дейін бүгін Қазақстанның қай жолдары ашық, қайсысы жабық екендігі туралы жазған болатынбыз.