Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, олардың қатарында патрульдік полиция қызметкерлері, тергеушілер, жедел уәкілдер, учаскелік инспекторлар және ЖҚАЖ бөлімшелерінің мамандары бар. Әрбір қызметкер кәсіби іріктеудің кезеңдерінен өтіп, заманауи талаптарға сай арнайы даярлық бағдарламаларын меңгерген.
Жаңа кадрларды даярлау барысында мамандардың азаматтармен тиімді коммуникация орнатуы, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғаммен ашық диалог жүргізуі секілді маңызды бағыттарға басымдық берілген. Бұл — полиция қызметінің сервистік моделін жетілдіруге бағытталған стратегиялық ұстанымның көрінісі.
— Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — мемлекет тұрақтылығының негізгі тіректерінің бірі. Жас мамандардың кәсіби әлеуеті, жауапкершілік деңгейі және заманауи көзқарасы құқық қорғау органдарының тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді. Жаңа қызметкерлер арнайы кәсіби даярлықтан өтіп, заманауи талаптарға сай білім мен дағдыларды меңгерген. Олар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заңдылықты сақтауға сақадай сай. Қоғамда құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыру — бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі, — делінген хабарламада.
Бұл бағытта кәсіби дайындықпен қатар, жеке құрамның моральдық бейнесіне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Қызметке қабылданған әрбір маман азаматтармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға, өзіне жүктелген міндеттерді адал атқаруға ынталы. Ішкі істер саласында тұрақты жұмыс орындарының ашылуы, сондай-ақ жас мамандарға берілетін әлеуметтік қолдаулар — бұл салаға қызығушылық танытқан азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа буын полицейлердің келуімен Абай облысында құқықтық тәртіпті сақтау жұмыстары жаңа қарқын алып келеді.
Бұған дейін Абай облысында экологиялық талаптарды бұзудың 7 мыңнан аса дерегі тіркелгенін жазғанбыз.