Абай облысында 10 мыңнан астам оқушы қашықтан оқуға көшірілді

Фото: pixabay.com

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысында маусымдық инфекциялардың өршуіне байланысты мектеп оқушылары уақытша қашықтан оқыту форматына көшіріліп жатыр.

Шешім облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2025 жылғы 22 тамыздағы №6 қаулысына сәйкес қабылданған. Соған сәйкес, сыныптағы науқастар үлесі 30 пайыз және одан жоғары деңгейге жеткен жағдайда оқыту онлайн форматқа ауыстырылады.

Қазіргі уақытта өңір бойынша 10 073 оқушы қашықтан білім алып жатыр. Оның 9 870-і – Семей қаласының оқушылары. Ақсуат, Аягөз және Бесқарағай аудандарындағы 203 бала да мектепке бармады.

- Облыста 304 мектеп бар, оларда жалпы саны 99 391 оқушы білім алады. Бүгінде 246 мектеп дәстүрлі форматта жұмыс істеп жатыр, ал 58 мектепте жекелеген сыныптар қашықтан оқытуға ауыстырылды, - деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар маусымдық инфекциялардың таралу қаупін жедел төмендетуге мүмкіндік береді.

Дәрігерлер ата-аналарға балалардың жағдайын мұқият бақылап, сырқаттанудың алғашқы белгілері байқалғанда бірден медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да 23 мектептің 169 сыныбы онлайн оқыту форматына көшірілгені хабарланған.