Абай облысында 10 сотық жер алу үшін кезекте қанша адам тұр

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында жыл басынан бері жер үй салу үшін 10 сотық жерді 70 адам алды.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Мемлекеттен жеке тұрғын үй салу мақсатында берілетін 10 сотық жер бойынша өңірдегі ахуалды білу үшін Kazinform тілшісі Абай облысының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына сауалхат жолдады.

— 2025 жылы облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін 546 азаматқа 10 сотық жер учаскесі берілді. Ал 2026 жылдың басынан бері 70 азамат жер алды. 2022 жылы электронды кезек жүйесі енгізілгелі бері өңірде жалпы саны 2841 азаматқа жер учаскесі табысталды, — деп жауап берді басқарма басшысының орынбасары Берік Мұханов.

Қазіргі таңда облыс бойынша 10 сотық жер алуға кезекте шамамен 41 мың адам тұр.

Орташа күту мерзімі өңірдегі жер қоры мен инфрақұрылымның дайындық деңгейіне байланысты шамамен 10-15 жыл.

Жер учаскелері Семей қаласы, Аягөз және Үржар аудандарында ең көп беріліп жатыр. Бұл елді мекендерде жаңа тұрғын алаптарын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

— Қазір жер учаскелері негізінен инженерлік инфрақұрылым жүргізілген аумақтардан беріліп жатыр. Атап айтқанда, су, электр желісі және жол мәселесі шешілген жер телімдеріне басымдық беріледі. Сондай-ақ Абай облысында пайдаланылмаған және заң талаптарына сәйкес рәсімделмеген жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылы 10 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды, — дейді Берік Мұханов.

Оның айтуынша, жер бөлу процесі толық цифрландырылған. Азаматтар жер кезегіне eGov порталы арқылы онлайн тұрып, өтініш мәртебесін бақылай алады.

— 2026 жылдың соңына дейін Абай облысында инфрақұрылым дайын болған аумақтар бойынша қосымша жер учаскелерін беру жоспарланып отыр. Нақты көрсеткіш инженерлік-коммуникациялық жұмыстардың аяқталуына байланысты айқындалады, — дейді облыстық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда 10 жер телімі мемлекет мұқтажына алынатындығы хабарланған