Сот үкімімен ол 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, 5 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Жарма ауданының прокуратурасы «Жарма аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КМК қызметкерлеріне жалақыны заңсыз есептеу фактісін анықтаған.
Анықталғандай, мекеме бухгалтері екі жыл бойы өзінің және іс жүргізушінің банктік шоттарына жалақыны заңсыз түрде артық есептеп отырған. Соның салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 8,3 млн теңге залал келтірілген.
Аталған факті бойынша аудан прокуратурасы қылмыстық істі тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген. Тергеу барысында бухгалтер өз кінәсін мойындап, мемлекетке келтірілген залалды толық көлемде өтеген.
Жарма аудандық сотының үкімімен ол ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған 3 жылға бас бостандығын шектеу және 5 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Абай облысының прокуратурасы мемлекет мүдделерін қорғау, заңдылықты қамтамасыз ету және бюджет қаражатын заңсыз пайдалану фактілерінің жолын кесу бағытындағы жұмысты жалғастыруда.
Осыған дейін Ұлытау облысында банк менеджері тұрғындарды алдап, ақша жымқырғаны туралы жаздық.