Абай облысында биыл 101 әлеуметтік нысанның құрылысы басталды

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Жыл басынан бері өңір бойынша 101 әлеуметтік нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде білім беру саласында – 16, денсаулық сақтау саласында – 67, спортта – 9, мәдениетте – 2, әлеуметтік қамсыздандыруда 1 нысан бар. Бұл туралы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков атап өтті. 

Фото: Абай облысы әкімдігінен

«Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында алты мектептің құрылысы басталды. Атап айтқанда, Семей қаласының Ақсай кентінде 600 орындық, Восточный кентінде 300 орындық, Қарағайлы шағын ауданында 900 орындық, Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде 300 орындық, Ақсуат ауданы Екпін ауылында 300 орындық және Жарма ауданы Қалбатау ауылында 300 орындық. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде 64 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны, Аягөз ауданының аудандық ауруханасына арналған реанимациялық бөлімше, Мақаншы ауылында құрылысы аяқталмаған дәрігерлік амбулатория ғимаратын салу және реконструкциялау жұмыстары жүзеге асырылуда», - дейді ол.

Курчатов қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, Шар қаласындағы және Бесқарағай ауылындағы жүзу бассейнін, Бородулиха ауданы Петропавловка ауылындағы спорт-демалыс орталығын және Жарма ауданы Қалбатау ауылындағы стадионды қоса алғанда бес спорт нысанының құрылысы бастау алды.

Бұдан бөлек, Бородулиха ауданы Камышенка ауылында ауылдық клуб құрылысы жүргізіліп жатыр.