Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні қарсаңында Абай облысында еске алу шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараға Полиция департаментінің, Төтенше жағдайлар департаментінің, жедел медициналық жәрдем қызметінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері, сондай-ақ жастар қозғалысының еріктілері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың туған-туыстары мен жақындарына қолдау білдірді.
Шара барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол-көлік оқиғаларының салдарын жою кезінде жедел қызметтердің өзара іс-қимылы мәселелеріне ерекше назар аударылды.
— Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларының тіркелуі өңірдегі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. 2026 жылдың басынан бері Абай облысының аумағында 515 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 85 адам қаза тауып, 784 адам түрлі дене жарақатын алған. Әрбір санның артында адам тағдыры, отбасы және жақындарынан айырылған жандардың қайғысы тұр, — дейді тәртіп сақшылары.
Ведомство өкілдері жол қозғалысына қатысушыларды мұқият әрі жауапкершілікпен болуға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жол қауіпсіздігі әрқайсымызға байланысты екенін ұмытпауға шақырды.
Бұған дейін Теміртауда автобус ағашқа соғылып, жүргізушісі көз жұмғанын жазғанбыз.