Теміртауда автобус ағашқа соғылып, жүргізушісі көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — 14 қарашада сағат 10:30 шамасында Теміртау қаласында жолаушылар автобусы жол жиегіндегі ағашқа соғылды. Оқиға салдарынан 64 жастағы жүргізуші қаза тапты.

Теміртауда автобус ағашқа соғылып, жүргізушісі көз жұмды
Видеодан алынған кадр

Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, Yutong маркалы автобустың жүргізушісі қозғалыс кезінде кенеттен өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Соның салдарынан автобус басқарудан шығып, ағашқа соғылған.

Апат кезінде автобуста шамамен 15 жолаушы болған. Олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.

Аталған дерек полицияда тіркелді. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында болған жол апатынан бір адам көз жұмып, бес жолаушы, оның ішінде төрт бала жарақат алғанын хабарлаған едік.