Абай облысында фермер мал жаюды автоматтандырды

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысындағы «Даурен» шаруа қожалығы мал жаю және сумен қамтамасыз ету жүйесін автоматтандыруға бағытталған заманауи технологияларды енгізді, деп хабарлайды АШМ.

Фото: АШМ

Шаруа қожалығы 1994 жылы фермер Нұртуған Манаптың бастамасымен құрылған. Бүгінде ол қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіруге маманданған өңірдегі жетекші асыл тұқымды шаруашылықтардың бірі.

Жалпы аумағы 1 550 гектарды құрайтын шаруашылықта малды автоматтандырылған түрде жаю жүйесі енгізілген. Жайылымның екі учаскесі электр қоршауларымен, тағы екі учаскесі берік топсалы қоршаулармен жабдықталған.

– Соның нәтижесінде мал бақташыларсыз жайылады. Малды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында автоматтандырылған сумен жабдықтау жүйесі орнатылған. Күн энергиясымен жұмыс істейтін тереңдік сорғылары күн шыққан кезде автоматты түрде іске қосылып, күні бойы малды таза сумен қамтамасыз етеді, – делінген хабарламада.

Биыл шаруашылық дәстүрлі қақпалардың орнына заманауи инженерлік шешім – «Техас қақпаларын» (Texas gate) орнатты. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы техникасының еркін қозғалуына мүмкіндік беріп, малдың жайылым аумағынан шығып кетуіне жол бермейді.

Қазіргі уақытта шаруашылықта 802 бас асыл тұқымды ірі қара мал бар. Оның ішінде 300-і – сиыр. Негізгі қызмет бағыты – жоғары генетикалық әлеуетке ие асыл тұқымды төл өсіру және өткізу.

Шаруашылықтың асыл тұқымды малы республикалық және халықаралық көрмелерде тұрақты түрде жүлдегер атанып келеді.

–  Өндірістік үдерістердің автоматтандырылғанына қарамастан, шаруашылық ауылдық жерде тұратын бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар 19 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасы пайдаланылады.

Алдағы кезеңде өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасады. 2026–2027 жылдары жайылымдарды абаттандыру, малды ротациялық жаю жүйесін енгізу және 200 шақырым қоршау орнату жоспарланып отыр, – деп жазды АШМ.

2027–2028 жылдары қой шаруашылығын дамыту, сондай-ақ күн энергиясын пайдалану арқылы суды көтеру және сумен қамтамасыз етудің жаңа автоматтандырылған жүйелерін енгізу көзделген.

Шаруашылықта экологиялық тұрақтылық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінеді. Алдағы уақытта аумақты көгалдандыру, жайылым өнімділігін арттыру, көпжылдық шөп егу және табиғи су көздерін қалпына келтіру жоспарланған.

Айта кетейік, 2026 жылы мал шаруашылығын дамытуға 300 млрд теңгеден аса қаржы бағытталды.