Тергеп-тексеру барысында коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме саудасында монополиялық жоғары баға белгілеу фактісі анықталды.
Атап айтқанда, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында компания коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме сауда нарығында үстем жағдайға ие бола отырып, аталған тауарға монополиялық жоғары баға белгілеп, өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланған. Бұл әрекет бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жатады.
— Тергеп-тексеру материалдары негізінде әкімшілік іс қозғалды. Семей қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қолданылған шаралардың жалпы сомасы 87,4 млн теңге болды, оның ішінде 52,4 млн теңге көлемінде айыппұл және 35 млн теңге көлеміндегі монополиялық табысты тәркілеу, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енді. Әкімшілік айыппұл ерікті түрде төленді, ал монополиялық табыс толық көлемде мемлекет кірісіне өндірілді.
Сондай-ақ, департамент монополияға қарсы заңнама нормаларын бұзудың салдарын жою туралы нұсқама шығарды, ол «Қаражыра» АҚ тарапынан толық орындалды.
Айта кетелік бәсекелестік ережесін бұзған микроқаржы ұйымына шара қолданылған еді.